Әлеуметтік желі қолданушысы Астанаға келген туристер автобуста жол ақысын төлей алмай қиналатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Елордадағы қоғамдық көліктерде жол ақысын тек онлайн түрде төлеу қарастырылған. Ал қолма-қол ақша төлеу жүйесі алып тасталған.
Алтынай Рысқұлова есімді Желі қолданушысы шетелдіктер Астана автобустарына жол ақысын төлей алмай қиналып жүргенін бірнеше рет байқағанын жеткізді.
"Олар біздің елімізге қысқа мерзімге келгеннен кейін, SIM картамызды сатып алудың қажеті жоқ, оларда Kaspi де жоқ. Демек, туристер тек қолма-қол төлем жасай алады. Ал қазір көптеген автобуста қолма-қол ақшаны қабылдамайды. Бақылаушы кіргенде, жергілікті тұрғындар арасында шу басталады. "Төлей тұрыңыздаршы, кейін қайтарады" дейді олар. Егер біз осындай қарапайым нәрселерді жөндей алмасақ, туризмді қалай дамытамыз?", - дейді белсенді.
Ол он шақты турист тобының №12 автобусқа мініп, жол ақысын төлей алмай, жан-жағынан көмек сұрағанын көрген. Оларға әуежайға дейін бару керек. Сол кезде бір жігіт Kaspi арқылы төлеуге көмектесіпті.
Осы жағдайға байланысты елордалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өкілі пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, елордада жол ақысын төлеу TRANSCARD көлік картасы арқылы жүзеге асады.
"Ал QR-код арқылы төлеу балама әдіс қана. Жазбада отбасының әуежайға бара жатқаны айтылған. Демек, олардың көлік картасын RTVM автоматтарынан немесе CTS кассаларынан сатып алу мүмкіндігі болған. Қазір әуежай ғимаратында RTVM автоматын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр және бүгінде әуежай ғимаратындағы телефон аксессуарларын сатып алатын жерден көлік карталарын сатып алуға болады. Ал PolyArt терминалында көлік картасының балансын толтырса болады. Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолма-қол ақшамен төлеу алып тасталған болатын. Өйткені көлік жүргізу кезінде автобус жүргізушілерінің назарын басқа жаққа аударады", - деп жауап берді басқарма өкілі.
Азамат Қойшығара
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!