- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанада супермаркеттегі тауарларды...
Астанада супермаркеттегі тауарларды бүлдірген тұрғын жазаланды
Астанада супермаркеттегі тауарларды тесіп, бүлдірген тұрғын жазаланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін (ӘҚБтК-нің 434-бабы, 1-бөлігі) Д.-ға қатысты іс қаралды.
Істің мән-жайы бойынша Д. супермаркетте бола тұра үстелден алынған печеньелерді себетке лақтырып, жұдырығымен жаншып, яғни дүкеннің тауарларын бүлдірген.
Сот отырысында құқықбұзушы өз кінәсін мойындамай, бұрын осы дүкенде сатылымға қойылған сапасыз (таңбаланбаған) тауарларды бірнеше рет байқағанын, қайта келгенде сапасыз өнім сатылмау үшін осы өнімді жинап, тексеру мақсатында кассаға ұсынғанын айтты.
Құқықбұзушылықтың жасау фактісі әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамада қамтылған деректермен, полиция инспекторының баянатымен және жәбірленушінің түсіндірме хаттарымен расталады.
ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 5 тәуліктен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жазаны көздейді.
ӘҚБтК-нің 55-бабының 3-бөлігіне сәйкес сот әкімшілік жаза қолдану кезінде жасалған әкiмшiлiк құқықбұзушылықтың сипаты, кiнәлiнiң жеке басы, оның iшiнде оның құқықбұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi.
Сот құқықбұзушының жауапкершілігін ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ.
Жоғарыда көрсетілген мән-жайларды ескере отырып, сот қаулысымен Д. ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігімін кінәлі деп танылып, оған 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу түріндегі әкімшілік жаза қолданды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина