Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Пазылбекұлы Астанадағы су тапшылығына қатысты сауалға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның мәліметінше, елорда тұрғындарына ауыз су Астана су қоймасынан босатылады, онда тәулігіне қуаты 305 мың текше метр болатын екі су сорғы станциясы жұмыс істейді.
"Жалпы 2026 жылдың соңына дейін су мәселесі толықтай шешімін табады. Оған қоса, Астана әкімдігімен бірлесіп, төртінші су сорғы станциясын салу жоспарланған", - деді Ә. Пазылбекұлы.
Қазір елорда тұрғындарын үздіксіз сумен жабдықтау үшін жалпы құны 59 млрд теңгені, қуаты 105 мың текше метрді құрайтын жаңа сорғы-сүзгі станциясын салу жобасы іске асып жатыр.
Жауапты маманның сөзіне қарағанда, бүгінде Астанада тәулігіне 25 мың текше метрден астам ауыз су тапшылығы байқалады. Осыған байланысты кейбір аудандарда су қысымы қолдан төмендетіледі.
"Биыл су сорғы станциясының құрылысын бітіруге республикалық бюджеттен 27 млрд теңге бөлінді. Оны жылдың екінші жартыжылдығында аяқтау ойда бар", - деді Әзімбек Пазылбекұлы.
Азамат Қойшығара
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!