Астанада ішімдік ішіп, рөлге отырған жүргізуші 15 тәулікке қамалды - видео

Астанада полицейлер мас күйде көлік басқарған 44 жастағы жүргізушіні ұстады. Сот шешімімен ол 15 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Патрульдік полиция қызметкерлері Қарқаралы тасжолында BYD маркалы автокөлікті тоқтатқан. Құжаттарын тексеру барысында 44 жастағы жүргізушіден алкоголь иісі сезілген.

Осыдан кейін ер адам медициналық тексеруге жіберілді. Сараптама оның жеңіл дәрежеде мас болғанын растады.

Жүргізушіге қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 1-бөлігі бойынша хаттама толтырылды. Ал көлігі айып тұрағына қойылды.

Сот шешімімен ер адам 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды.

Полиция өкілдері мас күйде рөлге отыру жүргізушінің өз өміріне ғана емес, жолдағы өзге адамдардың да қауіпсіздігіне қатер төндіретінін ескертті. Тәртіп сақшылары жүргізушілерді жол ережесін қатаң сақтап, жауапкершілік танытуға шақырады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!