Елордада тұрғындарға 60 млн теңге шығын келтірген алаяқ қолға түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
28 жастағы кәсіпкер арзан турларға уәде беріп, ақшаны алғаннан кейін міндеттемесін орындамағаны анықталды.
Зардап шеккендердің бірі, елорда тұрғыны әлеуметтік желіде "жеңілдікпен жолдама" туралы еліктіретін жарнаманы көргені туралы полицияға арызданған. Күдіктіге сенген елорда тұрғыны оған миллион теңгеден астам ақша аударған. Алайда жәбірленушінің отбасы демалысқа шыға алмаған.
"Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында, шетелге соңғы минуттық турларды ұсынып, қала тұрғындарының ақшалай қаражатын алаяқтық жолмен иемденген жас қыз анықталып, ұсталды. Келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 60 миллион теңгені құрайды. Күдікті жасаған қылмысын мойындады", - делінген хабарламада.
Аталған қылмыс фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Полиция департаменті азаматтарды мұқият болып, алаяқтардың айласына берілмеуге, таныстардан немесе бейтаныстардан түскен ақпаратты мұқият тексеруге шақырады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз