ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мен сыбайлас жемқорлық тетіктерін пайдалану арқылы шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) заңсыз рәсімдеу схемасын анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес шетел азаматтарына Қазақстан аумағында болғанда және міндетті биометриялық сәйкестендіруден өткенде ғана ЖСН беріледі.
"Алайда 2024-2025 жылдары өтініш берушілердің елге келуінсіз-ақ ЖСН рәсімдеуге заңсыз көмектесетін қылмыстық схема ұйымдастырылған. Схеманы жүзеге асыру үшін әлеуметтік желідегі арна пайдаланылып, сол арқылы ЖСН-ды қашықтан алуға мүдделі шетел азаматтары іздестірілген", - деп жазылған хабарламада.
Қылмыстық әрекетке "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-ның Астана қаласы бойынша филиалының қызметкерлері тартылған. Олар ХҚКО ақпараттық жүйесіне көрінеу жалған мәлімет енгізіп, ЖСН алуға жалған өтініш рәсімдеген.
Заңсыз сыйақы делдалдар арқылы аударылып, кейін схемаға қатысушылар арасында бөлінген. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова