- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанада сауда үйінен...
Астанада сауда үйінен алтын сақиналар жымқырған күдікті ұсталды
Астанада сауда үйінен алтын сақиналар жымқырған күдікті құрықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Полицияға қала тұрғыны жүгініп, зергерлік дүкеннен белгісіз біреу алтын сақиналарды ұрлап кеткенін хабарлаған. Оқиға елордадағы сауда үйлерінің бірінде болған.
37 жастағы қала тұрғыны зергерлік бұйымдар сататын бутикке кіріп, сатушыдан сақиналарды көрсетуді өтінген. Әйел өзіне қажетті сақиналарды көргеннен кейін, сатушының басқа клиенттерге қызмет көрсеткенін пайдаланып, 3 алтын сақинаны жасырын ұрлап, қылмыс орнынан бой тасалаған.
Келтірілген материалдық шығын - 340 мың теңгеге жуық. Ұрланған бұйымдарды ломбардқа өткізіп үлгерген. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Байқоңыр ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері ұрлыққа қатысы бар қала тұрғынын анықтады.
Аталған фактіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Әйелдің елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина