- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанада Сақ мәдениетінен...
Астанада Сақ мәдениетінен сыр шертетін көрме өтеді
2017 жылғы 17 шілдеде ЕХРО-2017 халықаралық көрме аясында Тәуелсіздік сарайының көрме залында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің «Сақ мәдениеті» көрмесінің ашылу салтанаты болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат музейдің баспасөз қызметіне сілтей отырып.
«Сақ мәдениеті» атауымен өтетін аталмыш көрмеде келушілер «Алтын адамның» құпиясымен, Жетісу сақтарының жаңа табылған археологиялық олжаларымен, дүниедегі ең көне кілем болып табылатын «Пазырық кілемімен» және «Алтын адамды» алғаш ашушылардың бірі, әйгілі археолог Б.Нұрмұханбетовке арналған фотокөрмемен таныса алады.
Сақ мәдениеті дегенде біздің есімізге қазіргі Қазақ жерінің Алтайы мен Жетісу түседі. Ә.Ақышевтің айтуынша бұл туыстас сақ мәдениетінің кең жайылған, ру ароалық байланыстар берік орнаған «таулар белдеуі» болып табылады. Жалпы, сақ мәдениеті, мұрасы, тіпті «Алтын адамның» ашылу тарихы да толық зерттеліп бітті деп айта алмаймыз. Керісінше, жыл өткен сайын олар жаңа ғылыми деректермен толыға түсуде.
Алтайдан Қара теңізге, Жетісудан Арқаға дейінгі аралықты мекен еткен сақ-скифтер арттарына аса бай мұра қалдырды. Соның бірі Алтай тауындағы Пазырық қорымының бесінші қорғанынан шыққан кілем (Ресей федерациясы, Алтай Респбуликасы, Ұлаған ауданы) 1949 жылы ғалым-археолог С.И. Руденконың жетекшілігімен жүргізіліген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылды. Кілем өлшемі 4,5х6,5 м. Кілем негізінен қалыңдығы 3 мм құрайтын орташа деңгейде басылған ақ киізден жасалған.
С.И. Руденконың айтуынша кілем тұрғын үйдің қабырғасына ілінген сәндік бұйым болған. Көсем қайтыс болған соң кілемді жерлеу салтанатына пайдаланып, арба мен төрт бірдей жылқының үстіне жапқан. Ал, зерттеуші М.П. Грязновтың көзқарасы бойынша кілем көсемді жерлегенше жатқызған ғұрыптық шатырдың бір бөлігі болған болуы тиіс.
«Есік» қорық-музейінің археологтары да соңғы жылдары Жетісу жерінде біршама жаңа археологиялық зерттеулер жүргізіп, жаңа олжаларға кез болды. Солардың бір парасы «Өрнек қорымдары» олжалары да көрме қонақтарының назарына ұсынылатын болады.
Осылайша «Сақ мұрасы» көрмесі «Алтын адамның құпиялары», «Пазырық кілемі», «Өрнек қорымдары» атты үш бөліктен тұратын болады. Көрмеге келушілер тарих тереңіне бойлап қана қоймай, өткеннің мұрасынан бүгінгі өздерінің де тұрмыс-тіршілігін көре алады.
Ж. Өрісбай