Астанада сахнада балағат сөздер айтқан стендап-әзілкеш әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сотта ол кінәсін мойындап, қамауға алмауды сұраған. Нәтижесінде әзілкешке айыппұл салынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Іс материалдарына сәйкес, әзілкеш елордадағы ойын-сауық орындарының бірінде өнер көрсеткен. Ол өз қойылымы барысында бірнеше рет балағат сөз айтқан. Сот оның бұл әрекетін қоғамдық тәртіпті бұзу және айналасындағыларға құрметсіздік таныту деп бағалады.
7 қарашада іс ұсақ бұзақылық бабы бойынша қаралды. Сотта әзілкештің өнер көрсеткен сәті түсірілген бейнежазба дәлел ретінде ұсынылды.
Сот отырысында әзілкеш кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін жеткізді. Ол әкімшілік қамауға алудың орнына айыппұл салуды сұрап, мұндай жағдайдың енді қайталанбайтынына уәде берген. Оның қорғаушысы да бұл өтінішті қолдады.
Заңға сәйкес, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл немесе 5-тен 10 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы қарастырылған.
Сот әзілкештің кінәсін мойындағанын және жасаған ісіне өкінгенін ескеріп, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу туралы шешім шығарды.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ. Әзілкештің аты-жөні жарияланбады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz