Астанада Сәдуақас Байғабыловқа қатысты сот үкімі шықты

Астанада Сәдуақас Байғабыловқа қатысты сот үкімі шықты
Фото: ortcom.kz

Пара алды деп айыпталған Сараптама орталығының бұрынғы басшысы, Көліктегі бұрынғы бас дәрігері Сәдуақас Байғабуловқа сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Сәдуақас Байғабыловқа қатысты өзінің қызметтін пайдалана отырып, алаяқтық жасау (ҚК 190-бабы 2-бөлігінің 3) тармағы) және Асхат Манкеевті мемлекеттік функцияларды орындауға теңестірілген адамға едәуір мөлшерде пара беруге итермелеу (ҚК 367-бабының 2-бөлігі - 24-бабының 3-бөлігі) фактісі бойынша істі қарады.

Сотпен анықталғаны

Асхат Манкеев Жетісу облысы бойынша "Ұлттық сараптама орталығы" филиалының директоры болып жұмыс істей отырып, басқа өңірге ұқсас лауазымға қызмет бабы бойынша ауысу мақсатында "Ұлттық сараптама орталығы" басқармасының төрағасы К.-ға пара ретінде беру үшін Байғабыловқа 2 500 АҚШ долларын үшінші тұлғалар арқылы берген. Осылайша, ол мемлекеттік функцияларды орындауға теңестірілген адамға айтарлықтай мөлшерде пара беруге әрекет жасаған.

Алайда, лауазымдық өкілеттігіне кадр мәселелерін шешу кірмейтін аталған басқарма төрағасының бірінші орынбасары болып жұмыс істеген Байғабыловты алдау арқылы Манкеевтің ақшасын 2 500 АҚШ доллары көлемінде ұрлаған.

Сотта

Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен, жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарымен, заттай дәлелдемелермен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

Тараптардың ұстанымы

Прокурор сотталушы Байғабылоқа 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза,

сотталушы Манкеевке 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады.

Қорғаушы тарап сотталушыларды олардың әрекеттерінде қылмыс құрамының жоқтығы үшін ақтауды сұрады.

Сот үкімі

ҚК 190-бабы 2-бөлігінің санкциясы 4000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл түрінде не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 1000 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.

ҚК 367-бабы 2-бөлігінің санкциясы мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 30-дан 40- еселенген сомасына дейін айыппұл немесе 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.

Сот жаза тағайындау кезінде сотталушылардың жеңілдететін мән жайларын ескерді:

- алғаш рет қылмыстық жауапкершілікке тартылу;

- кәмелетке толмаған балаларының болуы;

- Байғабыловтың әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық нәтижесінде келтірілген мүліктік залалды ерікті түрде өтеуі.

Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Жасалған қылмыстардың мән-жайларын және олардың ауырлығын, жеңілдететін мән-жайлардың болуын, ал ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескере отырып, сот Байғабыловты мемлекеттік қызметте, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде 3 жыл мерзімге басшы лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындады.

Манкеевке мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 22 миллион теңгеден астам сомада айыппұл түрінде жаза тағайындады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан