- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанада рұқсат етілмеген...
Астанада рұқсат етілмеген 400-ден астам қоқыс орны анықталды
Астанада рұқсат етілмеген 400-ден астам қоқыс орны анықталды. Цифрлық даму министрлігі 290 мың шаршы шақырымды қамтитын 46 жерге ғарыштық мониторинг жүргізген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.
Цифрлық даму министрлігі жүргізген қатты тұрмыстық қалдықтардың ғарыштық мониторингінің нәтижесіне қарасаң, Астана – лас қала. Мұнда 414 заңсыз қоқыс тастайтын орын анықталды. Елордада 2 заңды полигон бар. Экологтардың айтуынша, халық көбіне қалдықтарды бос жерге тастап кетеді. Бір ғана Алматы ауданында 170-ке тарта заңсыз қоқыс орны белгілі болған. Оның жартысына жуығы жойылды. Жанболат Қайранбековтің айтуынша, қаланы ластайтын адамға қолданылатын жазаны күшейтпей, мәселе шешілмейді.
– Құқық бұзушылық кодекстің 505-бабы бойынша бірініш рет ұсталса, ескерту беріледі. Сол ескертудің орнына айыппұлды көбейту керек, – деді қалалық бас экологиялық инспектор Жанболат Қайранбеков.
Ғарыштық мониторинг жыл сайын наурыз бен қыркүйек айларының арасында жүргізіледі. "Қазақстан ғарыш сапары" компаниясының өкілінің айтуынша, қыста спутниктен түсірілген суреттер жарамсыз болады. Бақылау жұмыстары 2018 жылдан бері жүргізіліп келеді. Суреттерді жергілікті атқарушы орган бірден веб-сайт арқылы көре алады.
– Алынған деректерді Экологиялық реттеу және бақылау комитеті қадағалайды, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, аумақтық экология департаменттері қалдықтарды кәдеге жарату жұмысымен айналысады, – деді "Қазақстан ғарыш сапары" АҚ ҰК бас менеджері Әлібек Тайжанов.
Биыл Қазақстан бойынша 1 мың 800-ден көп заңсыз қоқыс тастайтын орын анықталған. Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің саны бойынша Астана көш бастаса, Қарағанды, Қостанай облыстары да тізімнен табылды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина