Астанада Республика күніне орай қандай іс-шаралар өтеді?

25 қазан күні елімізде ұлттық мереке - Республика күні атап өтіледі. Осы айтулы күннің құрметіне Астанада 100-ден аса мәдени-бұқаралық, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шара өткізіледі. Олардың арасында мерекелік концерттер, автошерулер, көрмелер, балаларға арналған көрнекті нысандар бойынша экскурсиялар, дөңгелек үстелдер, ұлттық спорт түрлері бойынша турнирлер және басқа да көптеген іс-шара бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шаралар қайда өтеді?

Іс-шаралар орталық алаңдарда да, ірі нысандарда да, тұрғын алаптарда да, білім беру ұйымдарында және т.б. өтеді. Сондай-ақ Республика күні қарсаңында халықтың әлеуметтік осал топтарына 1 мыңнан аса азық-түлік себеттері таратылады.

Мереке аясында елордада және әрбір ауданда түрлі саланың еңбек сіңірген қызметкерлері, еңбек ардагерлері, белсенді азаматтары марапатталады.

Бұл күндері білім беру ұйымдарында дөңгелек үстелдер, пікірталас турнирлері, көрмелер, танымал тұлғалармен кездесулер, конференциялар, шығармашылық конкурстар, эсселер мен оқырмандар конкурстары өткізіледі.

Сарыарқа ауданы

19 қазанда сағат 9.00-де Сарыарқа ауданында Koktal Run жүгіру марафоны ұйымдастырылады. Оған жеңіл атлетикамен айналысатын әрбір тұрғын қатыса алады. Марафон соңында балалар мен ересектер арасында 1, 2, 3-орын алған қатысушыларды марапаттау өтеді. Марафон жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне грамоталар, медальдар мен бағалы сыйлықтар ұсынылады.

Байқоңыр ауданы

19 қазанда сағат 11.00-де Байқоңыр ауданында Республика күніне орай 3 гүлзар ашылады. Олар мына локацияларда орналасқан:

1. С.Торайғыров көшесі, 2 үйіне іргелес аумақта;

2. ⁠Рахимов-Айманов көшелерінің қиылысында;

3. ⁠Ж.Тәшенов тұйық көшесі мен Ж.Тәшенов көшесінің қиылысында.

Сол күні сағат 18:00-де Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда "Ұлы шеберлер мұрасы" үрмелі оркестрінің мерекелік концерті өтеді.

Есіл ауданы

21 қазанда сағат 10:00-де Есіл ауданының ұйымдары арасында "Аспан" СК волейболдан жарыс өтеді.

23 қазанда "Жастар" сарайында сағат 19:00-де Республика күніне арналған "Жігер" эстрадалық-джаз ансамблінің "Атамекенім" мерекелік концерті өтеді.

Сол күні Сарыарқа ауданында Юбилейная көшесі, 22 және Жеңіс даңғылы, 34 бойынша бұрынғы бос орында жаңа қоғамдық кеңістік ашылады. Сондай-ақ Қосшығұлұлы көшесі, 17 және 19 аулаларының абаттандырылуына арналған мереке өтеді.

25 қазанда сағат 15.00-ден 16.30-ға дейін орталық алаңда және елорда саябағында қазақ эстрадасының жұлдыздары мен би ансамбльдерінің қатысуымен мерекелік концерттік бағдарламалар өтеді. Іс-шара барысында гір көтеру, асық ату, қол күрес және т.б ұлттық ойындар да өткізіледі.

25 қазан - Республика күні Қошқарбаев, 29/1 мекенжайы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында қарттар арасында дойбыдан жарыс өтеді.

25-26 қазан күндері Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында сағат 19:00-де автор Мұхтар Шахановтың қатысуымен "Танакөз" спектаклінің премьерасы өтеді.

Ал 26 және 27 қазанда сағат 19:00-де жас көрерменнің музыкалық театрында "Гауһартас" спектаклі көрсетіледі.

Қазақстандықтар Республика күнінде қанша күн демалады? 

Қазақстандықтар 25 қазан - Республика күніне орай биыл да үш күн қатарынан демалады. 2024 жылы Республика күні жұмаға сәйкес келеді. Сондықтан аптасына бес күн жұмыс істейтін қазақстандықтар үш күн қатарынан демалады.

  • 25 қазан, жұма - Республика күні, ресми демалыс;
  • 26 қазан, сенбі - әдеттегі демалыс;
  • 27 қазан, жексенбі - әдеттегі демалыс.
  • Ал аптасына алты күн жұмыс істейтіндер екі күн демалады.

Айта кетейік, Республика күніне орай демалыс ресми түрде 2022 жылдан бастап беріліп келеді.

Анықтама: Елімізде 25 қазанда Республика күні атап өтіледі. 1990 жылы осы күні Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Осыған орай бұл айтулы мереке күні Тәуелсіздік күнімен қатар демалыс күндер қатарына енді. 2009 жылы Республика күні ұлттық мереке мәртебесінен айырылды. Дегенмен былтыр Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!