Астанада ірі құрылыс компаниясының экономисі сотталды

Астанада ірі құрылыс компаниясының экономисі сотталды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Астанада ірі құрылыс компаниясының экономисі сотталды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 18 шілдедегі үкімімен Д.Қалабаев аса ірі көлемде бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін (ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы) кінәлі деп танылып, оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Д.Қалабаев ірі құрылыс компаниясында экономист бола отырып, «1С бухгалтерия» базасы арқылы контрагенттер тізіміне жұбайының атына рәсімделген фирманы қосқан. Содан соң ақша қаражатын аудару мақсатында төлем жасау үшін аталған фирмадан бухгалтерияға жарамсыз шоттар берген.

Осылайша, жұмыстарды орындамай және қызметтер көрсетпей, құрылыс компаниясының шотынан сотталушы жұбайының фирмасының шотына 2022 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында 73,3 млн теңгеден астам сомаға ақшалай қаражат және 2022 жылдың мамыр-тамыз айлары аралығында 26,8 млн теңге аударған.

Құрылыс компаниясына жалпы сомасы 100 млн теңгеден астам шығын келтірілді. Үкіммен келіспеген сотталған мен оның қорғаушылары апелляциялық шағым түсіріп, ақтауды сұрады.

Сотталушының кінәсі жәбірленушінің өкілінің, куәлердің айғақтарымен, ақша аударымдары туралы мәліметтермен, заттар мен құжаттарды тексеру актісімен, букмекерлік кеңсенің жауаптарымен және қылмыстық істің басқа материалдарымен дәлелденгендіктен, Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгеріссіз қалдырылып, заңды күшіне енді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина