Астанада ірі құрылыс компаниясының бұрынғы экономисі сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты аса ірі мөлшерде бірнеше рет алаяқтық жасады деп айыпталған экономиске қатысты үкім шығарды (ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы).
Сотталушы К., ірі құрылыс компаниясында экономист бола отырып, «1С бухгалтерия» базасы арқылы контрагенттер тізіміне жұбайының атына ресімделген фирманы қосқан. Содан соң ақша қаражатын аудару мақсатында төлем жасау үшін аталған фирмадан бухгалтерияға жарамсыз шоттар берген.
Осылайша, жұмыстарды орындамай және қызметтер көрсетпей, құрылыс компаниясының шотынан сотталушының жұбайының фирмасының шотына 2022 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында 73,3 млн. теңгеден астам сомаға ақшалай қаражаты және 2022 жылдың мамыр-тамыз айлары аралығында 26,8 млн.теңге аударылған.
Құрылыс компаниясына жалпы сомасы 100 млн. теңгеден астам шығын келтірілді.
Сотта сотталушы кінәсін мойындамады.
Алайда, оның кінәсі жәбірленуші өкілінің, куәгерлердің айғақтарымен, ақша аударымдары туралы мәліметтермен, заттар мен құжаттарды қарау хаттамаларымен, букмекерлік кеңсенің жауаптарымен дәлелденді.
Прокурор айыпты қолдап, соттан бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады.
ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің санкциясы 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазаны көздейді. Сотталушының жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде оның кәмелетке толмаған балаларының болуы танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот үкімімен К. ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Жәбірленуші тараптың жалпы сомасы 100 млн. теңгеден асатын азаматтық талап қоюы - қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!