Астанада ер адам полицияның жұмысын "тексермек" болып, суға батып бара жатқандай кейіп танытқан. Әлеуметтік желілерде пранктің видеосы тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Желіде тараған видеода ер адам суға батып бара жатқандай кейіп танытқан. Сол маңнан өтіп бара жатқан мамандандырылған күзет қызметінің қызметкері көмекке ұмтылып, бірден суға секірген. Алайда шын мәнінде оған ешқандай көмек қажет болмаған.
Астана Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі оқиғаның мән-жайын айтты.
"Қызметке бара жатқан мамандандырылған күзет қызметінің қызметкері бірден әрекет етіп, суға секірген. Бірақ кейін бұл көрініс әдейі ұйымдастырылған болып шықты, ешқандай көмек қажет болмаған. Осы қойылымның авторы мен қатысушысы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімі бойынша оларға 15 және 10 тәулікке қамауға алу жазасы тағайындалды", – деп жазылған хабарламада.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!