- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанада пәтеріне мыңға...
Астанада пәтеріне мыңға жуық адамды тіркеген әйел сотталды
Елордада пәтеріне мыңға жуық адамды тіркеген әйел қылмыстық жауапқа тартылды. Бұл туралы ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы, полиция полковнигі Аслан Аталықов айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Еліміз бойынша 1 348 "резіңке пәтер" анықталды. Онда 36 мың адам тіркелген. Ішкі істер органдары адамдарды заңсыз тіркеуге қойған, 200 мыңнан аса адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Қабылданған шаралардың нәтижесінде "резіңке пәтерлердің" саны азайып жатыр, - деді Аслан Аталықов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Төраға адамдарды пәтерге заңсыз тіркегені үшін заңда әкімшілік те, қылмыстық жауапкершілік те барын ескертті.
"Мысалы, Астанада әйел пәтеріне шамамен 1 мың адамды заңсыз тіркеуге қойған. Осылайша, ол заңсыз көші-қонды ұйымдастырған. Пәтердің иесі қылмыстық жауапқа тартылып, бас бостандығы шектелді", - деді ІІМ өкілі.
Еске салайық, бұған дейін үйінде тұрмайтындарды тіркейтіндерге салынатын айыппұл 2 есе артуы мүмкін екенін хабарлаған едік. Қазақстанда "созылмалы" пәтер мәселесін шешу үшін заңдарға түзетулер енгізу жоспарланып отыр.
Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков заң жобасы "созылмалы" пәтер мәселесін шешуге септігін тигізетінін айтты.
"Көбінесе тұрғын үй иелерінің өздері көші-қон заңнамасын бұзуға жол береді, үйінде тұрмайтын азаматтарды белгілі бір төлем үшін тіркейді. Мысалы, Астана қаласының пәтерлерінің бірінде 800-ден астам адам тіркелген", - деді министрдің орынбасары.
Сондықтан аталған мәселені шешу үшін заң жобасына төмендегі түзетулер енгізіледі:
- "Астана мәртебесі туралы" заңына тұрғылықты жері және елорда аумағында уақытша болатын жері бойынша тіркеу нормативін бекіту жөніндегі мәслихаттың құзыретін кеңейту;
- "Халықтың көші-қоны туралы» заңына Астана аумағында белгіленген нормативтерден артық тіркеуге тыйым салу бойынша өзгерістер енгізу ұсынылады. Бұл ретте, тіркеу нормативтері тұрғын үйдің меншік иесі жұбайын және жақын туыстарын тіркеген кезде қолданылмайды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Есен