Астана Төтенше жағдайлар департаменті үш баланың өліміне себеп болған өрттің жай-жапсарын айтып берді. Құтқарушылардың мәліметінше, тұрғын үй кешенінің ауласына кіреберіс темір қақпамен жабылып, ауланың ішінде көлік көп болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Астана ТЖД бастығының орынбасары Өміржан Тұқышевтың айтуынша, өрт сөндіру бөлімшелері келген сәтте пәтердің бүкіл аумағы отқа оранған. Пәтер есігі жабық болғандықтан, құтқарушыларға оны арнайы құралдардың көмегімен ашуға тура келді.
"Өрт дабылы мен құлақтандыру жүйесі іске қосылып, лифтілер бірінші қабатқа түскен. Сонымен қатар, аулаға кіреберіс темір қақпамен жабылып, ішінде көлік көп болған. Соған қарамастан, ТЖД күштері өрттің көрші бөлмелерге таралуына жол бермеді", - делінген жарияланған видеода.
Өрт дерегі бойынша соталды тергеу амалдары басталды, себептері мен мән-жайын анықтау мақсатында сараптамалар тағайындалды.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Мән-жайы
12 сәуірге қараған түні Астанадағы Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерден өрт шықты. Пәтерден үш баланың мәйіті табылды. Өртсөндірушілер бір әйелді құтқарып қалды, ол денесін күйік шалып, ауруханаға жатқызылды. Жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланды, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз бетінше шығып үлгерді.
Бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Сонымен қатар, бүгін түнде Астанадағы балалар ауруханасында да өрт шықты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz