Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде түнде болған өрт салдарынан балалар қаза тапты. Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Астана қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
"Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-тергеу іс-шараларының кешені жүргізіліп жатыр. Тергеу амалдарының қорытындысы бойынша тиісті құқықтық баға беріледі", — деп хабарлады департамент өкілдері.
Оқиға орнында полицейлер аумақты қоршауға алды. Арнайы техниканың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін тұрғын үй кешенінің ауласы тұраққа қойылған көліктерден босатылды.
12 сәуірге қараған түні Астанадағы Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерден өрт шықты. Пәтерден үш баланың мәйіті табылды. Өртсөндірушілер бір әйелді құтқарып қалды, ол денесін күйік шалып, ауруханаға жатқызылды. Жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланды, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз бетінше шығып үлгерді.
Сонымен қатар, бүгін түнде Астанадағы балалар ауруханасында да өрт шықты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!