- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанада өзгенің көлігін...
Астанада өзгенің көлігін қасақана бүлдірген адам қамауға алынды
Астанада өзгенің көлігін қасақана бүлдірген адам қамауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін (ӘҚБтК-нің 147-1-бабы, 1-бөлігі) Т.-ға қатысты істі қарады.
Іс материалдарына сәйкес құқықбұзушы Т. жәбірленуші М.-ға тиесілі көлік құралын теуіп, айнасын, алдыңғы бампері мен жарық шамын қасақана бүлдіріп, материалдық шығын келтірген. Сот отырысында құқықбұзушы өз кінәсін толық мойындады.
Жасалған құқықбұзушылық бейнежазбада, полиция инспекторының баянатында және жазбаша түсiнiктемеде қамтылған нақты деректермен расталды. ӘҚБтК 147-1-бабы 1-бөлігінің санкциясы 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 5 тәуліктен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза қолдануды көздейді.
Жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ. Ал мас күйінде құқықбұзушылық жасауын сот жауапкершілікті ауырлататын мән-жай ретінде таныды.
Сот қаулысымен Т. ӘҚБтК 147-бабының 1-бөлігі бойынша құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, ӘҚБтК 40-бабының 2-бөлігінде көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін жасалған әрекеттің мәні мен қоғамға қауіптілік дәрежесі ескеріле отырып, оған 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындалды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина