- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанада «Өз кәсібінің...
Астанада «Өз кәсібінің үздіктері» анықталды
Елордада «Өз кәсібінің үздігі» атты республикалық байқаудың жеңімпаздары анықталып, марапатталды, – деп жазады baq.kz.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін байқаудың негізгі мақсаты – жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға бағытталған. Байқауға қатысуға Қазақстанның барлық аймақтарынан 150-ден астам өтініш келіп түскен.
Байқау комиссиясы «Үздік темір ұстасы», «Үздік электрші», «Үздік технолог» секілді 10 номинация бойынша 20 жеңімпазды іріктеді. Жүзден жүйрік танылған мамандар осылайша бүгін бас қалаға жиналды. Байқау жеңімпаздарын ҚР Білім және ғылым вице-министрі Такир Балықбаев марапаттады.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жолдауында Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру қажеттілігін жариялады. Мұнда ең маңыздысы жұмысшы мамандықтарға деген құрметті қайта жандандыру, «жұмысшы адамның» абыройын көтеру. Жұмысшы мамандықтарға арналған осындай сайыстар жастардың қалыптасуына және мансаптарын жоғарлатуға үлкен мүмкіндік береді, сонымен қатар қазіргі таңда жұмысшы мамандықтар қоғамда жоғары бағаланатынын көрсетуге жол ашады. Бұл еңбек сайысын жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу кезінде біз нағыз өз ісінің маманын анықтаймыз. Бүгін марапаттайтын жұмысшылар қазіргі қоғамда көзге көрінбейтін де шығар. Бірақ біз олардың еңбегін әрдайым бағалауымыз керек. Бүгінде олар сантехник болсын, электрик болсын, құрылысшы, тігінші болсын өз жұмыстарын абыроймен орындап жүр. Бұл байқау олардың еңбегін бағалап, беделін арттыруға мүмкіндік береді. Болашақта жұмысшы мамандықтарын игеруге жастарды жетелейді», деді вице-министр.
Байқаудағы «Үздік технолог» номинациясы бойынша жеңіске жеткен Дәулет Егембердиев Жамбыл облысынан келіп отыр. Ол – мұнай-газ саласының білікті маманы.
«Мұндай байқау біздің қоғамға қажет. Ең әуелі байқау біз сияқты қарапайым жұмысшылардың жігерін қамшылап, табысқа қол жеткізуіне көмектеседі. Біріншіден әрбір адам өз жұмысын, өз мамандығын сүю керек деп ойлаймын. Одан кейін өзінің еңбегінің жемісін жұмысында көрсете білуі керек. Сонда ғана үлкен жетістіктерге жетіп, биіктен көріне аласың. Бүгін мен «Үздік технолог» наминациясын жеңіп отырмын. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Бұл байқау біз секілді жас мамандардың беделін арттырып, келешекте білікті маман атануға ықпалы зор», деді жас маман.
Айта кетейік, жұмысшылар жарысын «100 нақты қадам» бағдарламасының 88-тармағы мен индустрияландыру және экономикалық өсу бойынша институционалдық реформаны жүзеге асыру аясында жыл сайын ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақстан - 2050» жалпыұлттық қозғалысы ұйымдастырады.