Елорданың Достық үйінде "Отбасылық медиация – отбасылық қатынастарды сақтау" атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы мен "Qazaqstan Jastary" қоғамдық қоры ұйымдастырды, – деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.
Дөңгелек үстелдің мақсаты – отбасылық медиацияның оңтайлы тәжірибесін анықтау, сондай-ақ оның байланыс сапасына әсерін талқылау.
"Қоғам мен мемлекет отбасыдан құралады. Отбасылық қатынастар саласындағы медиация өте маңызды тақырып болып саналады. Медиацияның мақсаты – отбасын сақтау мақсатында жанжалды бейбіт жолмен сотқа дейінгі шешу. Біз медиацияны таратып, оның құралдарын пайдалануымыз керек", - деп атап өтті ҚХА республикалық Медиация кеңесінің төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Құрылтай мүшесі Шерзод Пулатов.
Кездесуге қатысушылар отбасылық жанжалдарды шешу әдістерін қолдана отырып, отбасылық медиацияны дамыту мәселелерін талқылады.
"Бұл жобаның басты мақсаты медиативтік институттардың әдістерімен отбасылық жанжалдарды реттеу рәсімдерінің артықшылықтары мен перспективаларын түсіндіру болып саналады. Биыл алғаш рет 80 бастаушы медиаторға оқыту жүргізілді. Бұл оқыту татуласу орталығымен бірлесіп жүргізілді. Тренингтерден басқа консультациялар өткізіледі, медиация кабинеті жұмыс істейді. Келесі жылы бұл жобаны жаңарту және қайта іске қосу, сондай-ақ медиацияның басқа түрлерін этно-медиация, эко-жүйелік медиация және т.б. ретінде қарастыру міндеті тұр", - деді Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының басшысы Айдана Қамзаева.
Аталған іс-шараға мемлекеттік органдардың басшылары, психологтар мен студенттер қатысты. Кездесуге қатысушылар отбасылық жанжалдарды шешуде медиациялық құралдарды жақсарту, яғни онлайн-режимде медиациялық тренингтер өткізуді заңнамалық деңгейде бекіту үшін өз ұсыныстарын білдірді.
Астана қаласы ішкі саясат басқармасы ұсынған материал