Астанада өрт кезінде үш бала қаза тапты: аман қалған әйелдің жағдайы белгілі болды

Астананың Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері "Көркем-3" тұрғын үй кешеніндегі өрттен зардап шеккен әйелдің жағдайы туралы айтты. 12 сәуірде болған өрт үш баланың өмірін қиды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Басқарма мәліметінше, әйел №1 көпбейінді қалалық ауруханаға жатқызылған.

"Қазір науқас жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесінде жатыр. Жағдайы ауыр деп бағаланып отыр", - деп жазылған хабарламада. 

Айта кетейік, қайғылы оқиға 12 сәуірге қараған түні Астанадағы Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерлердің бірінде болды.

Пәтерден үш баланың мәйіті табылды. Өртсөндірушілер бір әйелді құтқарып қалды, кейін ол ауруханаға жатқызылды. Жоғары қабаттардан 20 адам эвакуацияланды, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз бетінше шығып үлгерген.

Бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру басталды, тиісті сараптамалар тағайындалды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!