БАҚ-та Астанадағы мектептердің бірінде сегізінші сынып оқушысын бірнеше жасөспірімнің зорлағаны ақпарат жарияланды. Астана полиция департаменті мен білім басқармасы бұған қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мұны NewTimes.kz ақпараттық агенттігінің редакциясына зорлық көрген оқушымен бір мектепте оқитын қыздың ата-анасы хабарлаған.
Оның айтуынша, оқушы қызды 11-сыныптың бірнеше оқушысы зорлаған. Оқиғаның мән-жайы әзірше белгісіз.
Астана полиция департаментінің баспасөз қызметі ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігі ("Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер") бойынша тергеуді бастағанын хабарлады.
"Қажетті сараптамалар тағайындалды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер тергеу мүддесі үшін жария етілмейді", - деп хабарлады департамент.
Ал білім басқармасының баспасөз қызметі бұл іс бойынша тергеу жүріп жатқандықтан, ешқандай ақпарат бере алмайтынын мәлімдеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз