Астанада полиция насыбай мен вейп сататын орындарды тексеріп, заңбұзғандарды жауапқа тартып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Биыл 18 наурыздан бастап Астанадағы барлық ауданда вейп пен насыбайдың заңсыз таралуын анықтау үшін рейд жүргізіліп жатыр.
2 аптада 700-ден аса сауда нүктесі тексерілді. Нәтижесінде насыбай өндірілетін жерасты цехтарында оны сатудың 150-ге жуық дерегі анықталды.
Полицейлер аудан әкімдіктерінің қызметкерлерімен бірлесіп, сауда нүктелерін тексеріп, насыбай сатушыларды жауапқа тартып жатыр.
Алматы ауданында полиция 51 фактіні анықтады. Оның ішінде насыбай сатудың 40 фактісі тіркелді.
Барлық тіркелген дерек бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 196-бабы бойынша 25 АЕК (92 300 теңге, 1 АЕК – 3 692 теңге) әкімшілік айыппұл салынып, хаттама толтырылды.
Мекемелерде темекі өнімдерін (кальян) тұтынудың 11 фактісі анықталды. Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 441-бабы бойынша 15 АЕК (55 380 теңге) әкімшілік айыппұл салынды.
Сарыарқа ауданындағы сауда орындарында жедел-алдын алу шаралары жүргізілді. Нәтижесінде 50 заңбұзушылық анықталып, 30 келіге жуық насыбай тәркіленді.
Есіл ауданында шекпейтін темекі өнімдерін сатудың 11 фактісі анықталды. Оның ішінде насыбай сатудың 7 дерегі және кәмелетке толмағандарға вейптерді сатудың 4 фактісі тіркелді.
Полиция кәсіпкерлерге Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің
196-бабы мен 423-бабы 1-бөлігінің 1-бөлігіне сәйкес, 25 АЕК (92 300 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салды.
Бұған дейін елордада құны 20 млн теңгеден асатын 4 тонна насыбай тәркіленген еді. Тәркіленген барлық өнім жойылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!