- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанада нашақорлық пен...
Астанада нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы шара өтті
Астана қалалық прокуратурасы есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес шарасына орай қала көлемінде жастар мен жасөспірімдер, бұқара қауым арасында бірқатар профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл туралы Астана қалалық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Шараның мақсаты – құқықбұзушылықтың алдын алу, анықтау бойынша жергілікті қала, аудан тұрғындарын құқық қорғау органдарымен бірге жұмыс істеу мақсатында ат салысуға шақыру болып табылады.
«Нашақорлықтың алдын алу және ал есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қою мақсатында мемлекет біріншіден болдырмау шарасын алдыңғы қатарға қояды. Оған дәлел ретінде, есірткінің заңсыз айналымына қарсы және нашақорлықпен күресудегі 2012-2016 жылдарға арналған «Астана – есірткісіз қала» атты бағдарламасын көрсетуге болады», - деді Астана қаласы прокуратурасының басқарма прокуроры Жандос Досанов.
Сондай-ақ, шара барысында құқық қорғау органы қызметкерлері студенттерге нашақорлықтың зияны, оның адам ағзасына тигізер зардабы жайлы баяндап, есірткі қылмысын жасағандарға қатысты қолданылатын жаза түрлері жөнінде де ескертіп өтті.
Қала көлемінде арнайы үлгідегі есірткі мәселесіне және есірткі жайлы қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жайлы хабарласуға болатын «Сенім» телефоны көрсетілген полиграфиялық үгіт-насихат өнімдері қала, аудандарға таратылып, олар халықтың көп шоғырланатын жерлеріне ілінді.
Н. Айдархан