- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанада мүмкіндігі шектеулі...
Астанада мүмкіндігі шектеулі такси жүргізушісін балағаттаған ер адамға қандай үкім шыққаны белгілі болды
Астанада мүмкіндігі шектеулі такси жүргізушісін балағаттаған ер адам 15 тәулікке қамалатын болды. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарап кеткен еді. Кадрларда ер адам такси жүргізушісіне былапыт сөздер айтқаны естіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұсақ бұзақылық жасау дерегі бойынша жүргізушіні балағаттаған К.-ке қатысты істі қарады.
"К. таксиде келе жатып, такси жүргізушісінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлап, балағат сөздер айтқан. Өз іс-әрекетімен К. қоғамға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзды", - деп жазылған мәліметте.
Сот отырысы барысында К. кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінген.
Жәбірленуші С. сурдоаудармашының көмегімен К. телефон қуаттағыш сымды талап еткенін, содан кейін оны қорлап, балағат сөздер айтқанын жеткізді. Денсаулық жағдайына байланысты жүргізуші оның әдепсіз қылығына жауап қатпай, тек көлікті тоқтатқан.
Бұл жайт К.-ның мойындауынан бөлек, оқиға орнынан түсірілген видеомен расталды.
Сот қаулысымен К. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 15 тәулікке қамауға алу түрінде жаза тағайындалды.
"Сот 15 тәулік қамауға алу түріндегі жазалау шарасын жасалған іс-әрекеттің дәрежесі мен сипатын, бұрын осыған ұқсас қоғамдық тәртіпті бірнеше рет бұзғанын ескере отырып тағайындады. Қаулы заңды күшіне енген жоқ", - деп жазылған сот мәліметінде.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова