Бүгін түнде Астанада миллионыншы тұрғын өмірге келді. Түнгі сағат бірде елордалық № 1 перинаталды орталықта Саида есімді қыз бала дүние есігін ашты. Бұл – Астана-РЭК кәсіпорнының электромонтері Олжас Мухамедьяр мен №9 «Нуршашу» ясли-балабақшасының тәрбиешісі Арайлым Мухамдьяр шаңырағына шаттық сыйлаған тұғыш сәби.
Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев ерлі-зайыптыны нәрестелі болуымен құттықтап, пәтер кілтін табыстады. Жас отбасы осыған дейін ата-анасымен тұратын еді. Сондықтан бұл аса қуантарлық тосынсый болды.
18 жыл ішінде астанада бала туу көрсеткіші екі есе көбейіп, ана мен бала өлімі 5 есе кеміді. Елордада күніне 70-80 бала өмірге келеді. Астанада өткен жылы 26110 нәресте туса, осы жылдың алғашқы жарты жылдығында 13740 сәби дүние есігін ашты.