Астанада мас күйде пәтерге ұрлыққа түскен ер адам анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыарқа ауданы Полиция басқармасының кезекші бөліміне елорда тұрғыны пәтерінен жеке заттарының жоғалғаны туралы арыз түсірді. Криминал полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Ақмола облысының 41 жастағы тұрғынын анықтады. Оның Дүкенұлы көшесіндегі көпқабатты үйдің маңайында жиі болатыны және жан-жағын қарастырып жүргені анықталды.
Күндіз жеткілікті мөлшерде ішімдік ішкен ер адам кіреберіске кіріп, құлыпталмаған есіктерді іздеп, тұтқаларын тарта бастаған. Пәтерлердің бірінде иелері жоқ екеніне көз жеткізген ол құлыпты бұзу арқылы екі ер адамның күртешесін, қысқы кроссовкаларын және пәтер кілттерін ұрлап кеткен.
Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Полиция департаменті өкілдері пәтер ұрлығының алдын алу мақсатында сақ болуға және қауіпсіздік шараларын сақтауға, атап айтқанда, бағалы заттарды қараусыз қалдырмауға, тұрғын үйдің есігін аз уақытқа да ашық қалдырмауға кеңес береді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!