Астанада сот мас күйде көлік айдаған судья Әсел Досаеваға қатысты шешім шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Астананың әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты істі қарау қорытындысы бойынша Досаева кінәлі деп танылып, оған 200 АЕК мөлшерінде айыппұл тағайындалғанын хабарлады (786 400 теңге, себебі құқықбұзушылық 2025 жылы жасалған – еск.).
Соттың анықтауынша, 2025 жылғы 1 қарашада Д. көлік құралын жүргізу құқығынсыз басқарған - жүргізуші куәлігінің мерзімі 2025 жылғы 3 шілдеде аяқталған. Сонымен қатар, ол мас күйде болған, бұл медициналық сараптама қорытындысымен расталған.
Сотта Д.-ның кінәсі іс материалдарымен және әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен дәлелденетіні атап өтілді.
"Судьяның әрекеті ӘҚБтК-нің 608-бабы 8-бөлігі бойынша сараланды, өйткені заң бойынша 14 жасқа дейінгі баласы бар әйелдерге әкімшілік қамақ қолдануға тыйым салынған. Д.-ның 2013 жылы туған баласы бар", - делінген Астананың әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ақпаратында.
Бұл баптың санкциясы жаза ретінде тек 200 АЕК мөлшеріндегі айыппұлды ғана көздейді.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Контекст
2025 жылғы 2 қарашада желіде Астанада азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясы Әсел Досаеваны мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұстады деген ақпарат тараған болатын. Полиция рейдтік іс-шаралар барысында Mazda маркалы автокөлікті тоқтатқанын хабарлады. Сараптама нәтижесі бойынша жүргізуші мас болғаны анықталған.
Кейін судьяның ұсталуына қатысты оқиғаға ІІМ де пікір білдірді. Атап айтқанда, судьяның жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткені хабарланған.
Сонымен қатар, елордалық сот судьялардың ерекше құқықтық мәртебесі болғанымен, бұл оларды құқықбұзушылық жасағаны үшін жауапкершіліктен босатпайтынын атап өтті.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz