Астанада мажар ақынының құрметіне жаңа көше ашылды

Астанада мажар ақынының құрметіне жаңа көше ашылды
Фото: СІМ баспасөз қызметі

Елордадағы орталық көшеге мажар ақыны Шандор Петёфидің аты берілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі СІМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көшенің салтанатты ашылу рәсіміне премьер-министрдің орынбасары - сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Венгрия сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийярто қатысты.

"Атақты мажар ақынының 200 жылдық мерейтойына орай оның атын елордамыздың көшесіне берудің символикалық мәні бар. Бұл достық қарым-қатынасымызды нығайтуда, қос ел арасындағы мәдени байланысты дамытуда үлкен роль атқарады", - деді Мұрат Нұртілеу.

СІМ баспасөз қызметі

Петер Сийярто венгр ақынының құрметіне көше аты берілгені үшін Қазақстанға алғыс айтты.

"Бүгін біз қазақ халқының Венгрияға деген жоғары құрметін көріп отырмыз. Шандор Петёфи еркіндікке деген құштарлығымен танымал, данышпан адам болды. Бұл еркіндік сезімі сіздерге де тән", - деді Венгрияның сыртқы істер министрі.

СІМ баспасөз қызметі

Айта кетейік, Астанадағы көшеге венгр ақынының атын беру туралы шешімді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады.

Есіл ауданындағы көшенің атауы Шандор Петёфи деп өзгергенге дейін ол Е-108 деп аталған.

2014 жылғы маусымда Венгрия астанасы Будапешт қаласында Астана көшесі ашылып, ақын Абай Құнанбаевтың бюсті орнатылған еді.

Шандор Петёфи - атақты венгр ақыны, мәдениет қайраткері және Венгрияның тәуелсіздігі үшін күрескен белсенділердің бірі.

Аяз Есен

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz