Астанада LRT қашан іске қосылатыны белгілі болды

Астанада LRT қашан іске қосылатыны белгілі болды
Фото: Tengrinews.kz

Астанада LRT қашан іске қосылатыны жарияланды. Алғашқы жолаушылар жеңіл рельсті көлік жүйесін осы аптадан бастап пайдалана алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

City Transportation Systems (CTS) компаниясының мәліметінше, ресми іске қосу осы аптаға жоспарланған. Кейінірек компания LRT 16-17 мамырда іске қосылатынын нақтылады.

Қазір жоба дайындықтың соңғы кезеңінде. Елордада пойыздарды сынақтан өткізу, қауіпсіздік жүйелерін тексеру және инфрақұрылымды баптау жұмыстары жалғасып жатыр.

LRT-ны сынақтан өткізу 2025 жылы 29 қыркүйекте басталған еді және ол кемінде 6 айға созылуға тиіс болатын. Бұған дейін CTS пойыздар сағатына 40-50 шақырым жылдамдықпен қатынайтынын, "Нұрлы жол" станциясынан әуежайға дейінгі жол шамамен 40 минут уақытты алатынын, ал қозғалыс аралығы учаскеге байланысты 5 минуттан 10 минутқа дейін болатынын мәлімдеген еді.

LRT бағыты елорданың маңызды нүктелерін байланыстырады. Желі халықаралық әуежайдан басталып, "Нұрлы жол" вокзалына дейін барады. Жол бойында қаланың басты іскерлік орталықтары мен тұрғын аудандары арқылы өтетін 18 станция бар.

"Астана LRT" станциялары: 101 - "Әуежай"; 102 - "Атамекен"; 103 - "Есіл"; 104 - "Мәңгілік ел"; 105 - "Астана жұлдызы"; 106 - "Нұра"; 107 - "Университет"; 108 - "Ұлы дала"; 109 - "Астана Арена"; 110 - "Жекпе-жек сарайы"; 111 - "Сығанақ"; 112 - "Бәйтерек"; 113 - "Министрліктер үйі"; 114 - "Ұлттық музей"; 115 - "Театр"; 116 - "Мыңжылдық аллеясы"; 117 - "Жібек жолы"; 118 - "Нұрлы жол".

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget