Астанада көптен күткен LRT-ның билет құны талқыланып жатыр. Қала әкімдігі жеңіл рельсті көлікпен жүру бағасын 200 теңге деңгейінде белгілеуді ұсынған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 31-арнаға сілтеме жасап.
Қазір құжат ашық порталда халық талқысына шығарылған. Егер ұсыныс қабылданса, LRT-ға отырған қала тұрғындары жол жүру билетін қолма-қол ақшамен де, электрон түрде де төлей алады.
LRT – Астананың ең ұзаққа созылған жобаларының бірі. Бір кездері құрылысы тоқтап, кейін қайта жанданды. Енді міне, рельстер тартылып, станциялар бой көтеріп жатқанда жолаушылардың қалтасына түсетін салмақ та талқылана бастады. Егер тариф 200 теңге болып бекісе, бұл автобустан екі есе қымбатқа түсері сөзсіз. Бірақ билік өкілдері жаңа көлік жылдам әрі ыңғайлы болады деп сендіріп отыр.
"Құжатқа сәйкес, LRT желісінде бір реттік жол жүру құнын 200 теңге көлемінде белгілеу ұсынылады. Төлем қолма-қол ақшамен де, электрондық төлем арқылы да жүзеге асырылады. Сонымен қатар, 2017 жылғы 20 шілдедегі Астана қаласы мәслихатының шешіміне сәйкес, қалада тіркеліп, тұрақты тұратын азаматтардың жекелеген санаттары қоғамдық көлікте жол ақысы төлеуден босатылады", - деді Астана қаласы көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының баспасөз қызметі өкілдері.
Ал тұрғындарды шу болған ЛРТ-ның бағасы да, қауіпсіздігі мен жылдамдығы да толғандырады. Сондай-ақ, құжат қолдау тапса оқушылар, зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың бұған дейінгі жеңілдіктері сақталады. Яғни, жол құны бұл санаттағы адамдар үшін тегін болады.
Ал жауаптылардың айтуынша, LRT пойыздарының арақашықтық интервалы шамамен 5–10 минут болуы мүмкін. Қазір жоба аясында қызметкерлерді іріктеу мен оқыту жұмыстары басталған. Айта кетейік, LRT желісінің бағытында 18 станция болады. Пойыздар сағатына 40–50 шақырым жылдамдықпен жүреді. Ал, жолаушылар тасымалы көктемде басталады деп жоспарланған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz