- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанада күштік құрылымдардың...
Астанада күштік құрылымдардың арнайы операциясына кедергі келтірген банк қызметкеріне үкім шықты
Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзуге кедергi жасау фактісі бойынша Б.-ға қатысты істі қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Б. өзінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде, сотқа дейінгі тергеуден түскен сауалда танысы туралы мәліметті көрген. Кейін ол танысы К.-ге қоңырау шалып, қылмыстық іс бойынша оның туысына қатысты келіп түскен мәліметті хабардар еткен. Банк қызметкері Б-ның әрекеті салдарынан ұлттық қауіпсіздік органдарының Астана қаласына атыс қаруы мен оқ-дәрілерді жеткізу жолын кесуге бағытталған арнайы операцияның бұзылуына жол берілді.
"Осылайша, Б. өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қызметіне қасақана араласқан. Бұл ұлттық қауіпсіздік органдарының қылмыстық істі алдын алуға бағытталған операцияның жүзеге асуына қауіп төндірген", - делінген сот хабарламасында.
Сот талқылауы барысында сотталушы кінәсін мойындамады, қорғаушы тарап оны ақтауды сұрады.
"Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамалары мен мамандардың қорытындыларымен дәлелденді. Сот үкімімен Б. 1 жыл мерзімге банк қызметі саласында белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырыла отырып, 1 жылға бас бостандығынан шектелді", - деп хабарлады Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан