"Елорда Құрылыс Компаниясы" ЖШС Бас директоры Кадесов пен азамат Давлетовке қатысты сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.
"Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "Елорда Құрылыс Компаниясы" ЖШС Бас директоры Р.А. Кадесов пен азамат О.Б. Давлетовке қатысты үкім шығарды", – делінген хабарламада.
Сот үкімі бойынша құрылыс компаниясының басшысы он жылға бас бостандығынан айырылған. Ал Давлетовке 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
"Р.А. Кадесов О.Б.Давлетов арқылы Астана қаласында көппәтерлі тұрғын үй кешенін салу шарты бойынша аванс төлегені және сметаны ұлғайтқаны үшін мердігер ұйым басшысынан 170 млн теңге сомасында аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды", – делінген сот үкімінде.
Сонымен қатар сот Кадесовтің мүлкін құны сомасына пар келетін төрт автокөлік құралын тәркіледі. Осылайша, мемлекетке 170 млн теңге мөлшерінде сомасы өндірілді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!