Астанада қауіпсіздік техникасы мен еңбекті қорғаудың бұзылуына байланысты 2 құрылыс нысанында ("Райымбек" және Ayana Plaza көппәтерлі тұрғын үй кешені) құрылыс-монтаж жұмысы тоқтатылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Астана әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Райымбек" көппәтерлі тұрғын үй кешені бойынша анықталған ақау қалпына келді. Ал Ayana Plaza көппәтерлі тұрғын үй кешені бойынша материалдар сотқа берілді. Сонымен бірге былтырдың өзінде мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек заңнамасын бұзғаны үшін 87 жұмыс берушіні әкімшілік жауапкершілікке тартты. Айыппұл сомасы 16 миллион 700 мың теңгеден асты.
"Құрылыстағы өндірістік жарақаттанудың негізгі себебі нысандарда жұмыс өндірісінің жоғары қарқыны және құрылыс салушылар тарапынан еңбектің қорғалуы мен қауіпсіздік техникасына қажет қаражаттың жеткіліксіз бөлінуінен болып отыр. Көп жағдайда шағын мердігерлік ұйымдарда қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттары жоқ. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, барлық қызметкерлер жеке қорғаныс құралдарымен (қорғаныс бас киімі, арнайы киім, монтаждау белдігі), сонымен бірге ұжымдық қорғау құралдарымен қамтамасыз етілуге тиіс. Сонымен қатар биік орындардағы жұмыс орындарында және оларға өтетін жолдарда қорғаныс қоршаулары болуы керек және заттардың биіктен құлап кетпеуі үшін қорғаныс торлары болуы керек", - делінген хабарламада.
Астана әкімдігі құрылыс нысандарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптары сақталмаған жағдайда жұмыстың барлық түрі тоқтатылатынын, бұған қоса, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік шаралары қолданылатынын ескертті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!