Ресей президентінің мемлекеттік сапарына және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес өтуіне байланысты 25-29 мамыр аралығында Астана көшелерінің бір бөлігінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Іс-шара барысында құқық қорғау органдары мен Қарулы күштердің ресурстары, соның ішінде әскери авиация мен техника пайдаланылады. Сонымен қатар, бұл күндері Астана аспанында Қорғаныс министрлігі авиациясы ұшады деп жоспарланған.
"Елорда тұрғындары мен қонақтарынан халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шараны өткізу кезінде қауіпсіздік шараларына түсіністікпен қарауды сұраймыз", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін 27-29 мамыр күндері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен келетіні хабаланды.
28 мамырда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен Еуразиялық экономикалық форум өтеді.
29 мамырда Жоғары Еуразиялық кеңестің отырысы ұйымдастырылады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова