Елордалық өртсөндірушілер өртеніп жатқан пәтерден бес адамды аман алып қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, 16 қарашада таңертең өртсөндіру бөлімшесіне Бауыржан Момышұлы даңғылындағы көпқабатты тұрғын үйде пәтер өртеніп жатқаны туралы хабар түскен.
"Өртсөндірушілер үш минутта оқиға орнына жеткен. 11-қабатта 50 шаршы метр аумақтағы пәтер өртеніп жатқаны анықталған. Қызметкерлер бірінші кезекте көмек сұраған адамдарды құтқаруға кіріскен. Өз өмірлерін қатерге тіккен өртсөндірушілер бес адамды құтқарды. Оның біреуі - бала, сонымен қатар, он адам эвакуацияланды", - деді ТЖД баспасөз қызметі өкілі.
Ведомство мәліметінше, зардап шеккендер ауруханаға жеткізілген. Өрт сөндіруге Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің 20-дан аса адамы мен алты техникасы жұмылдырылған.
"Өртсөндіру барысында өртсөндірушілердің өздері де зардап шекті, №10 өртсөндіру бөлімінің командирі мен өртсөндіру бөлімі бастығы көмекшісінің аяқ-қолдары мен бетін күйік шалды. Қазір оларға медициналық көмек көрсетіліп жатыр", - деді ТЖМ баспасөз қызметі өкілі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!