Астанада көлікті төмпештеп, әйнегін сындырған ер адам видеоға түсіп қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі елорда әкімдігі мәліметіне сілтеме жасап.
Видеоны Астана әкімдігінің баспасөз қызметі жариялады. Ведомство мәліметінше, полицейлер кезекті вандалдарды тауып, жауапкершілікке тартқан.
Сонымен қатар Астанада вандализм актілері мен қоғамдық тәртіпті бұзу деректерін анықтау шаралары белсенді жүргізіліп жатқаны айтылды.
12 қараша кешкісін университет ғимаратында ашуға булыққан 32 жастағы ер адам ағаш есікті ұрып, зақымдаған.
17 қарашаға қараған түні 37 жастағы ер адам полиция ғимаратында кезекші бөлімде терезені сындырған.
18 қараша кешкісін 42 жастағы азамат біреудің көлігіне зақым келтірген. Бірнеше сағаттан кейін 36 жастағы басқа адам мас күйінде басқа ауданда да көлікті зақымдаған.
Олардың барлығы бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған (ҚР ӘҚБтК 147-1-бабы), ондағы залал 200 АЕК немесе 690 мың теңге сомасынан аспайды.
Айта кетейік, жыл басынан бері Астанада еріктілер, белсенділер, белгілі спортшылар, қала тұрғындары қолдаған "Тоқта, вандал" акциясы аясында профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Акцияның мақсаты - вандализмнің кез келген көрінісін болдырмау және елордада тазалық пен тәртіпті сақтау. Жыл басынан бері сот 270-тен астам адамды бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін, жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін, ғимараттар мен тұрғын үй-жайларды бүлдіргені үшін жазалады. Олардың барлығы жауапқа тартылған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!