Жұмбақтас - Бурабайдың ең басты символдарының бірі және жыл сайын мыңдаған турист соны көруге келеді. Астанада жартастың қоқыстан жасалған көшірмесі пайда болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Жаңа Адамдар" жастар қозғалысы киелі жерімізге баратын туристердің қаншама қалдық қалдыратынын көрсету үшін осы арт-жобаны дайындаған еді. Белсенділер Бурабайда қоқыстарды жинап, содан Жұмбақтас тасының мүсінін жасады. Осы арт-нысан Қазақстанның мәдени мұрасының сақталуы мен тазалық үшін күрестің символына айналды.
Бурабайдың бірегей табиғат әсемдігін көруге келетін турист саны көбейіп жатыр. Көрікті жердің танымалдығымен қатар, қоқыстың да көлемі өсіп жатыр. Талай тарихи оқиғаларға куә болған Жұмбақтас жазулармен көмкеріліп, қалдықтарға батып жатыр.
"Біз киелі жерлер мен мәдени ескерткіштердің жойылуына немқұрайлы қарай алмаймыз. Қазақстандықтарды табиғатымызды және тарихымызды сақтау үшін күреске қосылуға шақырамыз. Өзіңізден бастаңыз, қоқыстарды шашпай, табиғатты құрметтеңіз", - дейді "Жаңа Адамдар" өкілі Бауыржан Аманов.
Айта кетейік, "Қоқыстас" арт-объектісі "Киелі табиғат" эко-сенбілігін және басқа да көптеген экологиялық бастаманы қолдау мақсатында ұйымдастырылған болатын.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!