Қыс мезгілінде Астананы көк түтін басады. Бұл мәселенің көтеріліп келе жатқанына бірнеше жыл болды. Бүгін Үкімет отырысында осы мәселе сөз болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Премьер-министр Әлихан Смайылов халықты газбен қамтудағы проблемаларды айта келіп, Астанада көк түтін сейілмей тұрғанын сөз етті.
"2019 жылы салынған "Сарыарқа" магистраль газ құбырының бойында тиісті инфрақұрылым тартылды. Бұл ретте Энергетика министрлігінің негізгі міндеті - газды өндіру, қайта өңдеу және өңірге дейін жеткізу. Ал әкімдіктердің міндеті - сол газды тұтынушыларға дейін жеткізу, қосу жұмыстарын жеңілдету. Сонымен қатар, Астана, Қарағанды және Ақмола облыстарының тұрғындары көптен күткен газ қосу жұмыстары баяу жүргізіліп жатыр. Бұл өңірлердің тұрғындары газ тарату желілері жоқтығына, рұқсат құжаттарын алу қиын және газға қосылу қымбат екеніне шағымданады. Бұл осы өңірлерге ғана емес, сонымен қатар, газбен қамтылған басқа өңірлерге де қатысты", - деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, Алматы облысының Биғаш ауылы тұрғындарына газ тартуға 10 жылдан бері уәде беріліп келеді. Түркістан облысының Төле би ауданындағы Алшалы ауылының тұрғындары да бірнеше жылдан бері көгілдір отынды күтіп жүр. Батыс Қазақстан облысының Зеленое ауылында газ 2014 жылы тартылған. Бірақ осы күнге дейін әкімшілік ғимараттарына ғана газ қосылған.
"Ауылдық елді мекендерден басқа, қалалардың өзінде де халықты газбен қамтамасыз етуде проблема шаш-етектен. Нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар, Астана әлі де "көк түтінге көміліп", ауаның ластану деңгейі әлемдік рейтингтерде өте жоғары. Алматыда 2-ші жылу электр орталығында жаңа бу-газ қондырғысын салу мерзімі шегеріліп жатыр. Өңір әкімдері мен "Қазақгаз" компаниясы осы мәселелерді ерекше бақылауға алуы керек. Халықпен етене жұмыс істеп, барлық мәселені шешкен жөн", - деді Үкімет басшысы.
Азамат Қойшығара
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!