- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанада "Кемел жігіт...
Астанада "Кемел жігіт – күйеу бала" ұлттық зияткерлік курсының ашылу рәсімі өтті
"Бәйтерек" монументінің алаңында "Кемел жігіт – күйеу бала" ұлттық зияткерлік курсының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің Дін істері жөніндегі басқармасы және Діндерді зерттеу орталығы бірлесіп ұйымдастырды.
Әнұран орындалғаннан кейін алғашқы сөз Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимовке берілді. "Кемел жігіт – күйеу бала" зияткерлік курсына қатысып жатқан жастарға егеменді еліміздің жастардың рухани, ғылыми, мәдени дамуына мемлекет тарапынан көп қолдау білдіріп жатқанын айта келе, жастарды отансүйгіштік пен ауызбіршілікке, ел тарихы мен мәдениетін ұмытпауға, үлкендерді құрметтеп, кішілерге ізет білдіруге үндеді.
Келесі сөз кезегі "Ырыскелді қажы" мешітінің бас имамы Нұрлан Асановқа берілді. Бас имам зияткерлік курстың атауының маңыздылығына тоқталып, әрбір жас – болашақ әке мен болашақ ана екеніне тоқтала келе, халқымыздың сан түрлі салт-дәстүрлерінің құндылықтарын ұмытпауға шақырды. Имандылықты бойымызға сіңіруден бөлек, тәнімізді шынықтыру арқылы кемелдікке қол жеткізуге болатынын еске салып, бүгінгі сапарға шыққалы отырғандарға ақ жол тіледі.
Айта кету керек, "Кемел жігіт – күйеу бала" ұлттық зияткерлік курсы "Бурабай" ұлттық паркінің аумағындағы "Жеті қазына" этно ауылында екі күн бойы өтеді. Бұл курстың мақсаты – жастар арасындағы ұлттық құндылықтар мен тарихи сананы жаңғырту, қазақ болмысы мен дәстүрлерін дәріптеу. Іс-шараға 60 бала қатысты.
Курс барысында теориялық және практикалық сабақтар өткізіледі. Теориялық сабақтар "Қазақ тарихы мен дәстүрлері", "Мақал-мәтелдердегі ұлттық тәрбие", "Жігіттің үш жұрты" бағыттарын қамтиды. Практикалық сабақтар жасөспірімдерге мал сою, оны жіліктеу, тұздау, үйіту әдістемесі, ет турау, табақ тарту, жылқы жануарының қасиеттері, ат әбзелдерімен танысу, атқа міну және садақ ату және т.б. сияқты дәстүрлі дағдыларды тәрбиелеуге арналған.
Осыдан бұрын, Астана қаласы Байқоңыр ауданының БҰӨСО-да әжелерге арналған «Әжелер тобы» атты жаңа клуб жұмысы ашылған болатын.
Бұл клуб зейнеткерлерге ерекше мүмкіндіктер береді. Атап айтқанда, мұнда әжелеріміз әртүрлі іс-шараларға қатысып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісе алады.
"Әжелер тобы" клубының ашылуына қолөнер үйірмесінің жетекшісі Балым Өмірзақова мұрындық болды. Орталықта қолөнер үйірмесі 2 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Әжелеріміз алдағы уақытта клуб жұмысын дамытуды жоспарлап, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру үшін жастармен қарым-қатынас жасауға және тәжірибе алмасуға жағдай жасайтынын айтты.
Материалды Астананың ішкі саясат басқармасы ұсынды
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
М. Лұқпан