Бүгін Астанада спортшылардың өмір жолы баяндалған "Чемпиондыққа жетелеген арман" кітабының тұсаукесері өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кітап авторы Үнзила Мыңбай еңбекті жазуға жарты жыл уақыт кеткенін айтады. Кітапта қазақстандық танымал 17 спортшының өмір жолы жазылған. Спорттың әр саласындағы үздік бір адам таңдалған.
Чемпиондыққа жетелеген арман - Бекзат Саттарханов, Алия Юсупова, Абзал Әжіғалиев, Дмитрий Баландин, Денис Тен, Бахтиер Зайнутдинов және Талғат Жайлауов сынды спортшылардың балалық шағынан, арманға жету жолындағы күресінен сыр шертеді.
"Бұрыннан өте әсерлі әрі құнды туынды жазғым келетін. Бүгін менің арманым орындалды. Кітап біздің чемпиондарымызға арналады. Олар мақсатына берік болғандықтан сол жолда табандылық танытты, сондықтан жетістікке жетті. Туындыда чемпиондар әр қазақстандыққа «дәл қазір бәрі қиын болуы мүмкін, ертең қиындық болар бірақ Қазақстанның туын көтерер күн келетінін жеткізеді. Бәрі сіз жайлы білетін болады. Сіздің жетістігіңіз ол жайдан жай келген жоқ, бұл қажырлы еңбекітің арқасы.. Кітапта әр адам осындай ой түйеді", - деді Үнзила Мыңбай.
Автордың айтуынша, туындыны жинақтау үшін спортшылардың өзінен және ата-аналарымен сұхбат алынған.
"Спортшылар өздерінің үйіне қонаққа шақырып, анасының әңгімелерін тыңдадық. Жеке күнделігінде жазған ойларын да айтып берді. Жаттығудан шығып, күйзеліске батқанында әңгімеледі. Бұл көп жерде айтылмған деректер.
Біз спортшылардың 4 жылда бір рет жарысқа шығатынын білеміз. Спортшылардың өмірін тек алаңда бір сағат көреміз. Спортшылардың одан бұрынғы және кейінгі өмірінде не болып жатқанын бейхабармыз", - деді ол.
Жоба басшысы Жанар Утешеваның сөзінше, идея - спорт саласында көп жыл жұмыс істеген команданың жеңісі.
"Жалпы шығармашылық тобында 3 адам жұмыс істедік. Біз өзіміз де спорттан келдік. Бірнеше жыл чемпиондармен бірге жұмыс істедік, әлем чемпионаттарын ұйымдастырдық, Олимпиада ойындарында команданың жанынан табылдық. Сондықтан әрбір жеңіс пен жеңілістің артында қандай ауыр жұмыстың тұрғанын жақсы білеміз. Содан бұл дүниені көпшілікке жеткізсек деген үлкен арман пайда болды. Бұл кітап чемпиондар, жеңімпаздар туралы, жеңіс туралы емес. Бүгін кішкентай арманымыз орындалды деуге болады. Бұл кітап арманнан бас тартпауға, арманның адастырмайтынына, оның міндетті түрде орындалатынын дәлелдейтін кітап", - деді ол.
Салтанатты іс-шараға Түркістаннан Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Саттарханова келді.
"Кітаптың шығуына атсалысқан әр адамға алғысымды айтамын. Әр баланың мықты болуына өзінің алтын ұясы себепші. Ол, меніңше - әкесі мен шешесі. "Осы баладан бір нәрсе шыға мекен" деген сұрақты ең бірінші анасы өзіне қояды. Сондықтан мұны жастардың оқуы аса маңызды деп білемін. Бұл кітап ұрпақтан-ұрпаққа тарайтын құнды еңбектің бастауы деп ойлаймын", - деді Сырлыкүл Саттарханова.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!