- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстан спортшылары Азиадаға аттанды
Астанада Қазақстан құрамасын Азия ойындарына шығарып салу рәсімі өтті

Астанада IX қысқы Азия ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасын салтанатты шығарып салу рәсімі өтті, - деп хабарлайды massaget.kz Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты шара елордадағы Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде болды.
Сары құрлықтың басты бәсекесі 7-14 ақпан күндері Қытай Халық Республикасының Харбин және Ябули қалаларында өтеді.
Салтанатты жиынға ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Ұлттық Олимпиада комитетінің өкілдері, 1998 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының жүлдегері, 1996 жылғы қысқы Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Людмила Прокашева, шорт-тректен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков, спорт ардагерлері, жаттықтырушылар мен қоғам өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында IX қысқы Азия ойындарының ашылу рәсімінде Ту ұстайтын спортшыларға Қазақстан Республикасының Туы салтанатты түрде тапсырылды. Харбиндегі Ойындардың ашылу салтанатында еліміздің байрағын хоккейден ҚР спорт шебері Әділ Бекетаев пен шорт-тректен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ольга Тихонова алып шығады.
Айта кетейік, Азия ойындарына Қазақстан құрамасы сапында 137 спортшы қатысады. Отандастарымыз 3 ақпаннан бастап медаль үшін сайысқа түседі. Ал ресми ашылуы 7 ақпан күні өтеді.
О. Сансызбай