Астанадағы "Жастар" сарайында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік концерт өтіп жатыр, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
"Іс-шара аясында елімізде тұратын түрлі этностардың мәдениеті мен өнерін таныстыратын арнайы көрме өтіп жатыр. Көрмеге келушілерге әр ұлт өкілдері салт-дәстүрін, мәдениетін, ұлттық тағамдарын көрсетуде. Кейін бұл іс-шара мерекелік концертке ұласады. Арнайы шақырылып отырған қазақ эстрадасының әншісі Ұшқын Жамалбек және "Жастар" сарайының шығармашылық ұжымы да өнер көрсетеді. Сондай-ақ, Жұмысшы мамандықтар жылы мен Жеңістің 80 жылдығына арналған арнайы нөмірлеріміз бар", – деді "Жастар" сарайының медиа бөлімінің басшысы Дильназ Мұрат.
Бүгінгі іс-шараны Астана қаласының Мәдениет басқармасы ұйымдастырып отыр.
Мерекелік концертте "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары – Зарина Божақова, Әлібек Әлмәдіұлы және Татьяна Ким, сондай-ақ шараның арнайы қонағы Құрмаш Махан өз өнерін ортаға салады.
"Қазақстан халқының бірлігі күні – сан түрлі этностардың өкілі бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан бейбіт әрі мызғымас мемлекетіміздің символына айналған мереке. Ол ұлттық бірлігіміздің беріктігін, көпэтносты қоғамымыздағы өзара құрмет пен сенімнің терең тамыр жайғанын паш етеді", – деді Дильназ Мұрат.
Көрме ұлттық дәстүрлердің бай мұрасын дәріптеп, қоғамдағы достық пен келісімді нығайтуға бағытталған.
Астана қаласының әкімдігі ұсынған материал