- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанада қаза тапқан...
Астанада қаза тапқан өртсөндірушінің жары жантебірентер жазба жариялады
Былтыр қарашада Астанада "Қаһарман" тұрғын үй кешенінде өрт шыққан еді. Оқиға салдарынан өртсөндіруші Асқар Забикулин қаза тапты. Өртсөндірушінің жары жақындарына алғыс айтып жазба жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әнел Забикулина алдымен Асқарға рақметін айтты.
"Ең әуелі Аллаға шүкір етемін. Асқарыма бас иіп рақметімді айтамын. Менің жан-жарым болғаны үшін, жақсы-жаман күндерде әрқашан жанымнан табылғаны үшін, барлық еркелігімді көтере алғаны үшін, сүйікті жарым деп мені ғана атағаны үшін, тәп-тәтті қыздарымыздың әкесі болғаны үшін, әке деген құрметті атқа лайық болғаны үшін, біздің арқа сүйер тірегіміз болып, жан-жылуын төккені үшін, жұмыстан үйге қайтқанда үнемі күліп кіріп, жарық шуақ сыйлағаны үшін, мені, балаларды қуанту үшін бар жағдайды жасағаны үшін, отбасы үшін күн-түн демей еңбек етуге әзір болғаны үшін, бақытты отбасы болуға барынша талпынғаны үшін алғысым шексіз. Алғыс айтудан шаршамаймын да", - деп жазған ол.
Өртсөндірушінің жары қиын кезде демеу болған жақындарына алғыс айтты.
"Одан кейін ата-анама, бауырларыма, ағайын туысқандарыма алғысымды айтамын. Алғысымды жабыққанда жанымнан табылған, қиналғанда маған қарайласқан, маған демеу болған достарыма айтамын. Және де біздің тілеуімізді тілеп, үнемі дұғаларыңызға қосып жүрген Сіздерге де алғысымды айтамын. Ұмытпаңыз! Мұсылманның әр күні алғысқа толы! Біз үнемі тілімізбен де, жүрегімізбен де Аллаға, адамдарға алғыс айтудан тынбауымыз керек", - дейді Әнел.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Желі қолданушылары Асқардың ерлігіне алғыс айтып, пікір қалдырған.
"Асқарға алғыс! Қазағым, бауырым деп ажалға араша болып, өрттен аман-есен құтқарғаны үшін. Аз ғана ғұмырында Отанына да, отбасына да адал қызмет жасағаны үшін", "Асқар өте жақсы адам еді. Қазір көп еркек отбасын тастап, балаларын жылатып, қадірін білмей жүр. Асқар өзінің қысқа уақытында еліне де, отбасына да, туыстарына да, достарына да жақсылығын, көңілін жеткізіп үлгерген", "Асқар Забикулиннің еңбегі тек сізге емес бүкіл Қазақ еліне сіңді, өз Отанын қорғауға дайын жан екенін дәлелдеп кетті! Мың Алғыс! Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!" - деп жазған пікір білдірушілер.
Еске салайық, бұған дейін Астанадағы тұрғын үйден шыққан өрт кезде зардап шеккен өртсөндіруші қаза болғаны хабарланған болатын. Асқардың әйелі мен екі баласы қалған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек