Астанада кассир қызды тепкен Турагелдиевтің ісі жабылды

Астана кинотеатрының буфетінде соққыға жығылған қызға қатысты іс екі тараптың ымыраға келуімен аяқталды.

"Астана ішкі істер департаменті Қуаныш Турагелдиевке қатысты сотқа дейінгі тергеудің ҚР ҚК 68-бабына сәйкес, екі тараптың ымыраға келуіне байланысты тоқтатылғанын хабарлайды", — деді баспасөз қызметіндегілер. Бұған дейін 22 жастағы жігітке қатысты "Бұзақылық" бабымен сотқа дейінгі тергеу басталған еді.

Еске сала кетейік, Астана қалалық аймақтық ішкі істер басқармасының мәліметінше, 14 қыркүйекте ІІД жедел басқарма орталығының 102 қызметінің пультіне 21 жастағы қыз хабар беріп, елордадағы сауда және ойын-сауық орталықтарының біріндегі кинотеатрда белгісіз біреудің шу шығарып, дене жарақатын салғанын мәлімдеген. Бұл оқиғаның видеосы 14 қыркүйекте таралған. Кейін күдіктінің Турагелдиев екені анықталды. Ол айтарлықтай себебі болмаса да жәбірленуші азаматшаға қатысты бұзақылық жасап, дене жарақатын салған, кейін ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

18 қыркүйекте Турагелдиевтің кепіл арқылы босап шыққаны белгілі болды және оның әкесі Болат Турагелдиевтің Қазақстан премьер-министрінің кеңсесіндегі қызметінен кету туралы арыз бергені анықталды.

Дереккөз:tengrinews