Астанада 10 қаңтарда ауа райы қолайсыз болып тұр. Бүгін қалада жауған қалың қар мен екпіні күшті жел әуе тасымалына да әсер етіп, бірнеше рейс кешіктіріліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Әуеайлақ қызметі 14:00-20:00 аралығында желдің жылдамдығы секундына 22 метрден 27 метрге дейін жетуі мүмкін екені туралы хабарлама алды. Мұндай ауа райында авиациялық қауіпсіздік мақсатында әуе компанияларының шешімімен әуе рейстері тоқтатылуы немесе кешіктірілуі мүмкін. Дәл қазір әуежайдың әуеайлағында қатты жел соғып тұр, оның жылдамдығы 11 м/с, алайда желдің екпіні 16м/с дейін жетіп тұр", - делінген хабарламада.
Бүгін елорда әуежайында 75 рейс жоспарланған. Оның 12 рейсі (4 ұшатын, 8 ұшып келетін) ұшақтың кеш келуіне байланысты кешіккен.
"Елордадағы қолайсыз ауа райына байланысты IQ389 Астана-Жезқазған бағытында ұшатын рейс тоқтатылды. Әуеайлақты қалың қардан тазалау жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр. Қазір бұл жұмыстарға 10 арнайы техника жұмылдырылған. Рейстер туралы ақпаратты Астана халықаралық әуежайының ресми сайтынан nn-airport.kz қарауға болады. Сондай-ақ елорда әуежайында тәулік бойы байланыс орталығы 8(7172)702-999", - деп хабарлады Азаматтық авиация комитеті.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз