Елордада 5 құзырет орталығы - алдынғы қатарлы әлемдік компаниялардың қатысуымен қалалық және аграрлық технологиялар, медициналық технологиялар, энергетика және fintech орталықтары құрылады, - деп хабарлады Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Осы орталықтардың айналасына стартап жобаларға қолдау көрсетіледі. Осы мақсатта Астананың жеке бағдарламасы құрылды. Аталған бағыттарда жұмыс істейтін үздік инновациялық компанияларға жыл соңына дейін 30 млн теңге бөлінеді. Бұл туралы бүгін Әсет Исекешев Астанада ХІ Инновациялық форумның ашылуында мәлім етті.
«Бүгінде әлем экономикасының дамуы жаһандық қалаларға байланысты, сол себепті біз Астананы Global Smart City-ге айналдырмақпыз. Жаһандық қалалар дамуының әлемдік үдерістеріне бейімделген қаланы дамытудың жаңа стратегиясы іске асырылуда. Біз қаланың орнықты экономикасын анықтайтын 10 секторды белгіледік. Соның ішінде девелопмент, туризм, қаржылық орталық, заманауи өндіріс, ақылды қала үшін шешімдер, медицина, логистика және т.б. бар», - деді Астана әкімі.
«Smart Astana» бағдарламасын іске асыру барысында қала басшылығы тұрғындардың қажеттіліктерін назарға алады - бұл білім, денсаулық сақтау, қоғамдық көлік және т.б. салалардағы ақылды технологиялар. Бұл технологиялар адамдарды жайлы өмір сүру жағдайларымен қамтамасыз етеді («ақылды» бағдаршамдар, көлік ағынын басқару, дәрігерге жазылу, электрондық денсаулық картасы, балабақшаға, мектепке кезек, тұрғынның бірыңғай картасы, экологияны жақсарту, нөсер канализациясы).
«Өткен аптада біз «Start Up Session» өткіздік, онда Назарбаев Университетінің қала міндеттерін шешуге бағытталған үздік жобалары таныстырылды. Біз мұндай кездесулерді тұрақты түрде өткізіп, ең жақсыларын таңдап, қалада енгізетін боламыз», - деді Астана әкімі.