- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанада “Қаһарлы Орландо“...
Астанада “Қаһарлы Орландо“ операсының премьерасы өтті
4-5 қазанда "Астана Операда" ұсынылған А.Вивальдидің "Қаһарлы Орландо" операсының премьерасы өткен аптаның ең жарқын оқиғаларының бірі болды. Айтулы шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтті.
Бұл күндері театрдың К.Бәйсейітова атындағы камералық залы көрермендерге лық толы болды. Солардың бірі – Шынар Бекбаева бірегей режиссерлік шешім, сахнаның әсем безендірілуі мен әртістердің шеберлігіне таңданысын жеткізді.
"Мен бұл спектакльді көруді бұрыннан армандаушы едім, премьераның куәсі болғаныма қуаныштымын. Сценограф Манана Гунианың декорациялары мен кәстөмдері таңғалдырды. Режиссер Алла Симонишвилидің шешімдері көрермендерге өмір жайлы ой салатыны анық. Олар спектакльден зор әсер алды деп ойлаймын, – деді тыңдарман Ш.Бекбаева.
Осылайша, А.Вивальдиді негізінен "Жыл мезгілдерінің" авторы ретінде білетін елорда жұртшылығы мен қонақтары оның Қазақстанда бұрын-соңды ұсынылмаған "Қаһарлы Орландо" операсымен алғаш рет "Астана Опера" сахнасында танысты.
Айта кетейік, Л.Ариостоның аттас эпостық поэмасынан шабыт алған А.Вивальди бұл операны 1724 жылы жазған. Композитор кейіпкерлердің эмоциялық тереңдігі мен оқиғалардың драмалық өзектілігін атап көрсету үшін жаңа операда музыканың мүмкіндіктерін барынша қолданған. Ол кейіпкерлердің мінездерінің дамуына, симфониялық сүйемелдеуге баса ден қойған. Бастапқыда опера сол кезеңдердегі дәстүр бойынша кастраттарға арнап жазылған еді, алайда туындының "Астана Операдағы" заманауи интерпретациясы партияларды қазіргі орындаушыларға бейімдеді.
Әр күндері жауынгер Орландоның бейнесін Расул Жармағамбетов пен Сұлтан Бақытжан керемет орындаса, сиқыршы Альчинаны Татьяна Вицинская мен Салтанат Мұратбекова ойдағыдай таныстырды. Адал жар Брадамантені Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова мен Лейла Аламанова тамаша жеткізе білді.
Сондай-ақ Анжеликаның бейнесін Әсем Сембина мен "Құрмет" орденінің кавалері Айзада Қапонова, Медордың партиясын Артур Габдиев пен Әлихан Зейнолла сәтті орындап шықты. Руджеро рөліндегі Нарұл Тойкенов пен Батыржан Смақов, Астольфо партиясындағы Алтынбек Әбілда мен Ермек Қасым да аудиторияның зор қошеметіне бөленді. Қоюшы дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігіндегі камералық оркестр операның барлық эмоциялық нюанстарын керемет жеткізді. Барлық әртістер үшін бұл премьера шығармашылықтарындағы маңызды белес болды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина