Астанада жұрт көзінше жалаңаш жүрген ер адам жазаланды

Астанада жұрт көзінше жалаңаш жүрген ер адам жазаланды
Фото: depositphotos.com

Астананың әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қ. есімді ер адамның ісін қарады. Ол ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сот мәліметінше, ер адам қоғамдық орында көпшіліктің көзінше жалаңаш жүрген. Осы әрекетімен қоғамдық тәртіп пен әдеп нормаларын өрескел бұзып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан. Сондай-ақ, азаматтардың ар-намысына тиіп, тыныштығын бұзған.

Сот отырысында ер адам кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Оның құқықбұзушылық жасағаны бейнежазбаға да түсіп қалған.

Сот ер адамды 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.

"Жаза тағайындау кезінде істің мән-жайы, құқықбұзушылықтың сипаты мен ауырлығы, сондай-ақ, кінәлі адамның жеке басы, оның оқиғаға дейінгі және одан кейінгі әрекеті ескерілді", – деп түсіндірді сот өкілдері.

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget